Сәрсенбі күні Алматыда дәстүрлі “Қазақстандағы PR күндері” аясында 5-ші Халықаралық PR-форум өз жұмысын бастады. Форумның тұрақты бастамашысы әрі идеялық ұйымдастырушысы “PR-шы клубы” биылғы басқосуды “Дағдарыста туғандар. PR Baby Boom” деп атапты. Қазір бұқарамен байланыс мамандары қандай кедергілерге тап келіп отыр? Олардың қызметіне әлемдік қаржы дағдарысы нендей өзгерістер мен түзетулер енгізуде?
Сонымен, ел беделін басқаруда, компания мен холдингтер имиджін қалыптастыруда сабақ боларлық сауалдардың тиегі ағытылған екі күндік форумға жыл сайын ТМД және Батыс елдерінен келетін өкілдерді есептегенде 200-ге тарта адам қатысты. Аталмыш форум еліміздің PR-индустриясы саласындағы ең маңызды оқиға қатарында. Сондықтан да жетекші қазақстандық және шетелдік компания басшылары, бұқарамен байланыс жөніндегі департаменттердің жетекшілері, баспасөз хатшылары мен маркетологтар, сарапшылар мен журналистер осы “ой алмасу орталығынан” табылуға тырысады. Ал форум жұмысын жүргізетін “PR-шы клубы” да PR рыногындағы жағдайдың барлық қырларын қамтуға ұмтылады. Егер бесінші форум әлемдік қаржы дағдарысымен байланыстырып мәселе қозғап жатса, ол – заңдылық.
Дағдарыс кезінде сауатты коммуникация жүйесін, оның ішінде дағдарысқа қарсы шаралар жасай алмаған компаниялардың мәселелері анық көрініп қалып жатыр. Біз дағдарысқа тоқырау ретінде емес, керісінше PR-индустрия мен Қазақстандағы жаңа технологиялардың өркендеуі мен дамуының жаңа мүмкіндіктері деп қараймыз. PR-міндеттерді креативтік және стандарттық емес жолдармен шешу идеялары нағыз дағдарыс кезінде туындайды, – деді форумға ұйымдастырушылық қызмет көрсететін Қазақстан баспасөз клубының президенті Әсел Қарауылова.
Сонымен, биылғы форумды ашқан PR-шы клубының президенті Лариса Пактың ойынша, бұқарамен байланыс мамандығы елімізде жыл өткен сайын әйгіленіп, қажетті мамандықтардың қатарына ілігуде, мұндай кәсіби мамандарын даярлау үшін жоғары деңгей ұстануға тура келеді. Осы арада біз ҚР Білім және ғылым министрлігі PR-шы мамандығын мамандықтар реестрінде ресми түрде қайта қалпына келтіргенін атап өтелік. Яғни, PR-шы клубы мен Қоғаммен байланыс жөніндегі ұлттық қауымдастықтың жұмсаған күші текке кеткен жоқ.
– Біздер, PR журналистика емес екендігін дәлелдедік. Және бір жағынан, елімізде қазірге осы мамандық бойынша ғылыми-әдістемелік базаның жоқ екендігін де түсінеміз. Кім оларға дәріс береді? Практиктер осы қызметтің қыр-сырын үйретер. Бірақ, арнаулы әдістемелерсіз оны жасау қиын. Өз әдістемелеріміз әлі жасалмаған, батыстікі бізге келмейді. Енді бізге осы құрылымды жасақтауды бастау қажет, – деді Лариса Пак.
Қарап отырсақ, қазақстандық пиаршылар соңғы жеті жылдың ішінде ғана пайда болған, олар өз тәжірибелеріне сүйеніп өсіп келе жатыр. Бұқарамен байланыс бөлімдерінде қызметін бастаған мұндай мамандар қазір Үкіметте жұмыс істейді. Кейбірі Директорлар кеңесі мүшелігіне өтті, тіпті енді біреулері компаниялар мен бүтін холдингтерді басқарып отыр. Әртүрлі шешім қабылдауда орасан зор жауапкершілікке ие мамандық иелерінің мәртебесі көз алдымызда көтеріліп келе жатқанын жоққа шығаруға болмайды.
Осыған орай форумның алғашқы күні PR-шы клубының мүшесі Әсел Қарауылова жасаған “Дағдарыс жағдайындағы PR индустриясы: негізгі беталыстар” атты зерттеу тұсаукесері жиналғандардың назарын аударды. Кәсіби тұрғыда жасалған зерттеу біздің рынокта қалыптасқан жағдайды жіліктеп көрсетіп берді.
Форум жұмысын бастаған алғашқы отырыс “Дағдарыс жағдайындағы коммуникацияларды басқару: әлемдік тәжірибе” тақырыбын таңдаған еді. Бұл отырысқа Іntelday Solutіons агеттігінің бас директоры Денитса Сачева (Болгария), “Maslov PR” агенттігінің бас директоры Михаил Маслов (Ресей), Ресей мен ТМД елдеріндегі FD өкілдігінің атқарушы директоры Леонид Соловьев, “Қазақмыстың” корпоративтік коммуникациялар жөніндегі директоры Джон Смелт (Ұлыбритания) шақырылған еді. PR-индустрияның “майын ішкен” мамандар қазіргі жағдай туралы жалпылама пікірлерін ортаға салғанымен, өздерінің қазіргі рынокқа бейімделген кәсіпқой тәсілдерін, қызықты кейстер мен PR-шешімдерін шешіліп айта қойған жоқ. Бұл түсінікті де. Форумға жиналғандар әріптес болғанымен, бәрі бір-бірімен бәсекелес екендігін де естен шығармау қажет шығар?! Әрине, спикерлер PR-бизнестің бір бөлшегі және маңызды бөлшегі болуға тиіс екендігімен келіседі.
Форумның алғашқы күні “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ басқармасының төрағасы Қайрат Келімбетовтің қатысуымен өткен, батыстық және ресейлік БАҚ-тарға арналған Интернет-конференция үлкен қызығушылық туғызды.
– Дағдарыс біз соңғы 10-15 жыл ішінде көзімізді жұмып келген, шешімі табылмаған мәселелерді ақтарып берді. Және бұл – бізде осы уақытқа дейін өмір сүріп келген қате пайымдарды қайта електен өткізудің үлкен мүмкіндігі. Мысалы, мемлекет рыноктың жұмысына кедергі келтірмеуі тиіс деген стереотипті алайық. Қазір бүкіл әлем рынок пен мемлекет бірге өмір сүру керектігін, мемлекет көптеген мәселелерді бақылауы қажеттігін мойындап отыр. Оның ішінде дұрыс экономикалық саясатпен қаржы саласын қадағалауды жүзеге асыру керек, – деді Қайрат Келімбетов.
Интернет-конференция барысында “Самұрық-Қазына” жетекшісі Ресейдің күнделікті “Время новостей” газетінің сауалдарына жауап бере отырып, тарихи, мәдени және экономикалық жағынан қоян-қолтық араласып отырған екі ел арасындағы жан-жақты байланыстардың келешегі көкжиекті екендігін атады.
Сондай-ақ, форумның екінші күні құрамына еліміздегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдары кіретін “Арна Медиа” ұлттық ақпараттық холдингінің тұсаукесерімен басталды (суретте).
Аталмыш форум еліміздің PR-индустриясы саласының дамуына қандай серпін береді? Оның басты құралы – БАҚ рөлін арттыруда, PR-технологияларды жетілдіруде қай жолды таңдаймыз? Газеттің келесі санында осы жөнінде сөз болмақ.
Айнаш ЕСАЛИ
ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН